Бүгін 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағы аумағында Алматы қаласы Спорт басқармасының «Жоғары спорт шеберлігі мектебі» МКҚК ұйымдастыруымен «Спорт – Достық алаңы» атты ауқымды бұқаралық спорттық іс-шара өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – балалар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, жас ұрпақты дене шынықтырумен тұрақты айналысуға баулу, сондай-ақ достық пен бірлікті нығайту болды. Спорттық мерекеге Алматы қаласының кішкентай тұрғындары мен олардың ата-аналары белсенді қатысып, жоғары қызығушылық танытты.
Бағдарлама аясында ұзындыққа секіру, турникке тартылу, асық ату және отжимание бойынша жарыстар ұйымдастырылды. Жас қатысушылар өздерінің ептілігі мен шапшаңдығын көрсетіп, спортқа деген қызығушылықтарын танытты. Әр сайыс көтеріңкі көңіл-күй мен достық атмосферада өтіп, балаларға ерекше әсер сыйлады.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Алматы қаласы Спорт басқармасының «Жоғары спорт шеберлігі мектебі» МКҚК атынан арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.
Осындай игі бастамалар балаларды спортпен тұрақты айналысуға ынталандырып, өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға өз үлесін қосады.




