Бүгін Чехияның Френштат қаласында шаңғымен тұғырдан секіруден ерлер арасындағы FIS Cup — XV Иржи Рашка мемориалының кезекті жарыс күні өтті.
Халықаралық додаға әлемнің 12 елінен 60-тан астам спортшы қатысып, HS 106 трамплиніінде өзара мықтыны анықтады.
Жарыс қорытындысы бойынша алматылық екі спортшы жүлделі орындарға ие болды. Илья Мизерных 267,4 ұпай жинап, жарыстың жеңімпазы атанды. Ал Данил Васильев 259,8 ұпаймен күміс жүлдеге қол жеткізді.
Айта кетейік, Данил Васильев кеше өткен дәл осы жарыста үздік нәтиже көрсетіп, 258,4 ұпаймен бірінші орын иеленген болатын.
Алматы қаласының Жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшылары Илья Мизерных пен Данил Васильевті кезекті жоғары нәтижелерімен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда сәттілік пен толағай табыс тілейміз!



