Муай-тай спортшылары Әлем чемпионатына дайындықтың соңғы кезеңінен өтуде

Муай-тайдан алматылық спортшылар Алматы облысындағы “Спорттық даярлау орталығында” оқу-жаттығу жиынын өтіп жатыр. Бұл жиын Малайзияда өтетін алдағы Әлем чемпионатына дайындықтың шешуші әрі соңғы кезеңдерінің бірі.

«Қазіргі таңда оқу-жаттығу жиыны жоғары деңгейде өтіп жатыр. Спортшылар физикалық және техникалық дайындықтарын жетілдіріп, Әлем чемпионатына жан-жақты дайындалуда. Алматы қаласының атынан Малайзияда өтетін Әлем чемпионатына 7 спортшы қатысады», – деді жаттықтырушы Алмас Сақаев.

Алматы қаласы Жоғары спорт шеберлігі мектебінің ұжымы спортшылардың оқу-жаттығу жиынына арнайы барып, алғашқы медициналық көмек құралдарын табыстап, оларға сәттілік тіледі.