2026 жылғы 3-10 шілде аралығында Алматы қаласында нысана көздеуден Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде. Ел біріншілігі «Олимпиадалық даярлау орталығы «Алматы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының ату кешенінде ұйымдастырылуда.
Аталған чемпионат — еліміздің мергендері үшін биылғы маусымдағы ең маңызды жарыстардың бірі. Ел чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы жасақталып, 2026 жылғы халықаралық жарыстарға қатысатын спортшылар анықталады. Сонымен қатар, бұл жарыс 2026 жылғы 20 қыркүйек — 2 қазан аралығында Жапонияның Айти-Нагоя қалаларында өтетін XX Азия ойындарына іріктеу кезеңі болып табылады.
Чемпионатқа еліміздің 9 өңірінен 180 спортшы қатысып, винтовка, пистолет және қозғалыстағы нысана жаттығулары бойынша жүлделер сарапқа салынады.
Алматы қаласы Жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшыларына жауапты додада жоғары нәтиже көрсетіп, Азия ойындарының жолдамасын жеңіп алуларына тілектеспіз. Сіздерге дәлдік, табандылық және жарқын жеңістер тілейміз!



