ЭР-РИЯД 2026: АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

2026 жылғы 13-21 желтоқсан аралығында Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында жабық ғимараттардағы және жекпе-жек спорт түрлері бойынша VI Азия ойындары өтеді. Алматы қаласының спортшылары аталған халықаралық жарыста шахмат, джиу-джитсу, аралас жекпе-жек (ММА), муайтай және каратэ спорт түрлері бойынша бақ сынайды.

Бүгін мекемемізде спортшылардың жарысқа дайындығын талқылауға арналған жиын өтті. Кездесуге жаттықтырушылар мен әдіскерлер қатысып, спортшылардың қазіргі дайындық деңгейі және жарыстағы нәтижелерге қатысты болжамдар талқыланды.

Жиын барысында жаттықтырушылар өз спортшыларының жүлделі орындарға таласу мүмкіндіктері жөніндегі болжамдарын ортаға салды. Мекеме басшысы дайындық үдерісін сапалы ұйымдастыру, оқу-жаттығу жиындарының тиімділігін арттыру және спортшылардың жарысқа толық дайын болуын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.

Алдағы кезеңде спортшыларды даярлау жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жалғасады. Басты мақсат — Алматы қаласының спортшыларының халықаралық аренада лайықты өнер көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне жағдай жасау.