АЛМАТЫДА ЕРДЕН ХАЙРУЛЛИНДІ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ШАҒЫН ФУТБОЛ ТУРНИРІ ӨТТІ

Алматы қаласы Спорт басқармасының бұрынғы басшысы Ерден Рашидұлы Хайруллинді еске алуға арналған шағын футбол турнирі спорт саласының қызметкерлерін бір алаңға жинады. Жарысқа Спорт басқармасы мен оған қарасты мекемелердің командалары қатысты.
Турнир Алматы спортының дамуына елеулі үлес қосқан басшының еңбегіне құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Күнделікті қызметінде спортшыларды даярлап, жарыстарды ұйымдастырып жүрген мамандар бұл жолы өз мекемелерінің намысын қорғады. Алаңдағы бәсеке әріптестер арасындағы достық пен өзара қолдауды нығайта түсті.


Ерден Рашидұлы Хайруллин Алматы спортының дамуына, қаланың халықаралық аренадағы беделін арттыруға зор үлес қосты. Ол басшылық еткен кезеңде әлем чемпионаттарында тіркелген тарихи жеңістер кейінгі Олимпиада жүлделерімен жалғасып, Алматы спорт мектебінің жоғары әлеуетін көрсетті.


Турнир қорытындысы бойынша Алматы қаласы Спорт басқармасының командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды №5 мамандандырылған кешенді балалар-жасөспірімдер спорттық-техникалық мектебінің командасы иеленді. Ал «Алматы» спорт клубы мен №6 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің командалары үшінші орынды бөлісті.